ҚЫЗЫЛОРДАДА  ХИМИЯ-БИОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Бүгін облыс әкімі Қ. Ысқақовтың қатысуымен Толыбек Қуанышбаев атындағы ғылыми-білім беру жеке қорының қаржылық қолдауымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Химия-биологиялық зерттеулер ғылыми-білім беру» орталығы ашылды.
Аймақтың рухани-ағарту, ғылым-білім саласында өзіндік орны бар, қолтаңбасы қалған азамат, білім беру саласына  зор үлес қосқан педагог-ғалым, химия ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі Толыбек Досайұлы Қуанышбаевтың есімі университеттің «Химия-биологиялық зерттеулер» орталығына берілді.  
Толыбек Досайұлы еңбек жолын Сырдария ауданының Тереңөзек кентіндегі №36 орта мектепте химия пәнінің мұғалімі болып бастаған.  1976-80 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының химия кафедрасының аға лаборанты, 1983 жылдан бастап химия кафедрасында оқытушы болды.  1986-89 жылдары - Д.И.Менделеев атындағы Еңбек Қызыл Ту және Ленин орденді Мәскеу химия-технологиялық институтының аспиранты болып, 1990 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, химия ғылымдарының кандидаты дәрежесін алған.  1993 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетінің «Жаратылыстану және экология», кейіннен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Жаратылыстану факультеті деканы қызметін абыроймен атқарған.
Орталықтың ашылуында аймақ басшысы ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтау, өнегелі өмірін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету ортақ міндет екенін айтты.
"Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деген сөзі бар. Олай болса, өткенге құрмет көрсету – өнегеліктің белгісі. Толыбек Досайұлы  Қуанышбаевтың есімін жаңғырту – ұлағатты ұстазға деген ұлы құрмет!  «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді даналарымыз. Осындай тағылымды шаралар арқылы жастарымыздың ой-санасында өткенге - құрмет, үлкенге – ізет деген тәрбиелік мәні зор ұғымдарды қалыптастыра аламыз",- деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов. 
Сонымен қатар, шарада «Ғалым. Ұстаз. Азамат» атты естелік кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Теги: 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика